Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендерге миллиард теңгеге жуық біржолғы төлем аударылды
Ақтөбе облысы бойынша 2904 отбасы біржолғы төлемді алды. Ал 530 млн теңгеге жуық қаржы 242 отбасына бөлінді. Бұл баспананы жөндеуге арналған ақша.
16:08 13.05.2024
Ақтөбе облысы бойынша бүгінге дейін 2904 отбасыдан біржолғы төлемге өтініш түсіп, су тасқынына байланысты бәрі 100 АЕК көлемінде немесе 300 мың теңге ақша алды. Бұл дегеніміз 939 млн теңгеден астам қаржы. Егер тағы да өтініш түссе, комиссия қарап, қаржы аударады. Ал 130 млн теңгеден астам қаржы 331 отбасына материалдық көмек ретінде аударылды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде облыс бойынша 4678 үйге су кірген болып есептеледі. Оның 1447-і тұрғын үй болса, өзгесі саяжай аумағындағы баспана. Арнайы комиссия бүгінде оның мыңнан астамын тексеріп, басым бөлігіне бағалау жүргізді.
«Қазіргі кезде 242 отбасы үйді қалпына келтіру үшін 527 млн теңгеден астам қаржы алды. Баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған 13 отбасы дайын үйді сатып алуға келісім берді. Оларға 174 млн теңге жұмсалды. Сонымен бірге қазіргі кезде 97 үйдің құрылысы басталды», — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!