Павлодарлық педофил 20 жылға сотталды
Темір торға тоғытылған ер адам жас балаға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Бұған қоса ол жәбірленушінің пайдасына 3 миллион теңге моральдық өтемақы төлейді.
21:00 13.05.2024
Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушы М.-ға қатысты жас балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, іс бойынша жүргізілген сараптамалармен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен расталды.
«Қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады және 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды – соттылығының болмауын, қылмыс жасаушының жас болуын және жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, М.-ға 20 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады», - деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ ол жәбірленуші тарапқа 3 млн теңге мөлшерінде моральдық өтемақы төлейді.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!