Туризм саласындағы қызметтің вахта мерзімі 90 күнге ұзартыла ма
Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжіліс депутаттарының туризм саласындағы қызметтің вахта мерзімін 90 күнге ұзарту ұсынысына жауап берді.
Фото: ҚР Үкіметі
13:44 16.05.2024
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша Еңбек кодексінің 135-бабына сәйкес, вахталық әдіс егер жұмыскердің тұрақты тұрғылықты жеріне күнделікті оралуы қамтамасыз етілмесе, онда оның тұрақты тұратын жерінен тыс жерде еңбек процесін жүзеге асыруының ерекше нысаны саналады.
Вахтаның ұзақтығы 15 күнтізбелік күннен аспауға тиіс. Қызметкердің жазбаша келісімімен вахтаның ұзақтығы ұжымдық, еңбек шарттарына сәйкес 30 күнтізбелік күнге дейін ұлғайтылуы мүмкін. Вахтаның мерзімін тұрғылықты жерінен тыс жерде 90 күнге дейін үздіксіз жұмыс істеу мерзіміне ұзарту еңбек жағдайларын нашарлатуы және қызметкердің денсаулығы мен психофизиологиялық жағдайына теріс әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ Қазақстанда туризм саласындағы қызметті жүзеге асырудың маусымдық сипатын ескере отырып, вахта мерзімін 90 күнге ұзарту да орынсыз», -деді Тамара Дүйсенова жауабында.
Оның айтуынша, аталған проблеманы шешу үшін еңбек заңнамасының қолданыстағы нормасын қолдану ұсынылады. Бұл ретте оның мынадай үш нұқсасы бар:
1-нұсқа. Жұмыскерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ете отырып, маусымдық қызметкер ретінде бес күндік және алты күндік жұмысқа 3 айға орналастыру.
2-нұсқа. Қызметкерлерді ауысымдық жұмыс режиміне маусымдық қызметкер ретінде тұрғын үймен қамтамасыз ете отырып, 3 айға орналастыру.
3-нұсқа. Қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ете отырып, маусымдық қызметкер ретінде икемді жұмыс режиміне 3 айға орналастыру. Икемді жұмыс уақыты режиміндегі күнделікті жұмыстың және (немесе) апталық жұмыстың ұзақтығы күнделікті (8 сағат) және (немесе) апталық жұмыс уақытының (40 сағат) нормасынан көп немесе аз болуы мүмкін. Икемді жұмыс уақыты бар есептік кезең алты айдан аспауы керек.
«Бұл ретте, жұмыс уақытының ұзақтығына байланысты еңбек және демалыс режимінің сақталуын, демалыс, мереке күндері және үстеме уақытта жұмысқа ақы төлеуді қамтамасыз ету қажет», - деді вице-премьер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!