Қазақстан Президенті ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольцпен телефон арқылы сөйлесті
Германия тарапының бастамасымен өткен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц екіжақты қатынастардың практикалық мәселелерін талқылады.
Фото: Ақорда
21:00 28.05.2024
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының былтыр қыркүйек айында Берлинге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға баса мән берілді.
Тараптар сауда-экономикалық ықпалдастық қарқыны жоғары екеніне ерекше назар аударып, іскерлік байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық танытты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, екі елдің халықаралық аренадағы күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығына назар аударды. Осы орайда тараптар алдағы уақытта Астанада «Орталық Азия – Германия» форматында өтетін жоғары деңгейдегі кездесудің мәні зор екенін атап өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!