Жаңа жыл түні екі адамды өлтірген сотталушыға үкім шықты
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2 адамды өлтіріп, кейін үйге от қойған сотталушыға үкім шықты. Сот Алқабилердің қатысуымен болды.
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform
13:10 30.05.2024
Қылмыстық оқиға 2022 жылдың 31 желтоқсаны күні Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында болды. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған іс материалына сүйенсек, сотталушы Е сол түні екі жәбірленушіні пышақтаған. Кейін үй ішінде от қойып, салдарынан екі жәбірленуші көмірқышқыл газына уланып көз жұмған. Дәл осы жағдайдың бәрін көзбен көрген екі куәгер, сотталушы полицияға хабар бермеген, деп жазады kazinform.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған істе М және К-ге Қылмыстық кодекстің «Қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша айып тағылды. Сот отырысы кезінде сотталушы Е өз кінәсін мойындамады. Тіпті адам өлтірмегенін, қарақшылық оқиғаға қатысы жоқ екенін айтып, басқа сотталушылардың өзіне жала жауып отырғанын жеткізді. Ал оқиғаның қалай болғанын көрдік деген екі сотталушы өз кінәсін мойындады.
— Мемлекеттік айыптаушы сотталушы Е-ге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын, М-ға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, ал К-ға 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Сот Е-ні Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1, 8-тармақтарымен, 192-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, оған түпкілікті 22 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. К-ге 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, М-ға 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталғандар жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді, - деп хабарлады Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!