Су тасқыны: Ақтөбедегі саяжайларда 145 үй жарамсыз болып қалған
Ақтөбе қаласында қазір техникалық тексеру, мүлікті бағалау жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 433 үй иесіне 2 миллиард теңгеге жуық өтемақы берілді.
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова
20:19 03.06.2024
Ақтөбе қаласы бойынша Алматы және Астана аудандарынан 3600-ге жуық үйге техникалық тексеру жүргізілді. Алматы ауданы бойынша есепке алынған 3544 үйдің 324-і жеке жер үй болса, өзгесі саяжай аумағындағы баспана.
«Қазіргі кезде Алматы ауданы бойынша техникалық тексеру жүрген үйлердің 2681-де бағалау жұмысы атқарылды. Нәтижесінде саяжайдағы 145 үйдің жарамсыз екені анықталды. Бүгінгі күні Алматы ауданы әкімдігі 385 отбасына 1,7 млрд теңге өтемақы төледі», - деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.
Ал Ақтөбе қаласы Астана ауданы бойынша 50 үйге техникалық тексеру жүргізілді. Бұл аумақта жарамсыз үй анықталмады. Құжаты түгел 48 отбасына 149 млн теңгеден астам қаржы аударылса, қалған 2 отбасына «Қамқор - Ақтөбе 2024» қоры арқылы өтемақы төленді.
«100 АЕК көлеміндегі біржолғы төлемді 2942 отбасы алды. Қазіргі кезде үйі жарамыз болып қалған адамдарға баспана беру жұмысы нақтыланып жатыр. Әзірге 35 үй дайындалды. Оларға үй «Өтемұратов қор» арқылы алынады. Саяжай аумағындағы үйі жарамыз күйге түскендерінің ішінде де іріктеу болады. Жалғыз баспанасы болса ғана үй ала алады. Ал егер тұрып жатқан өзге үйі болса онда қайта жаңасын ала алмайды», - деді Айгүл Байменова.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!