Павлодарда бес миллион теңге алимент төлемей келген ер адам ұсталды
Ол 2015 жылдан бері балаларымен кездесуден қашқақтап, алимент төлемей келген, деп жазады kazinform. Қазір оның мәселесімен сот орындаушылары шұғылданып жатыр.
Фото: Kazinform
10:45 05.06.2024
Шарбақты ауданының полициясына ер адамның бұрынғы жұбайы хабарласып, балаларының әкесі 9 жылдан бері ешбір төлем жүргізбей отырғанына шағымданған. Белгілі болғандай, азаматтың бұрынғы отбасы алдында 5 миллион теңгеге жуық қарызы бар.
«Сот шешіміне қарамастан, ер адам 2015 жылдан бастап алимент төлеуден жасырынып, балаларымен кездесуден қашқақтап жүрген. Қарыз сомасын өндіріп алу туралы сот шешімін одан әрі орындау үшін азаматты полиция қызметкерлері ұстап, жеке сот орындаушысына берілді», -деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінен.
Жыл басынан бері балаларды асырауға қаражат төлеу бойынша міндеттерді орындамаудың 30 фактісі тіркелді. Полицейлер заң бұзғандарға қатысты айыппұлдар немесе қамауға алу ешбір нәтиже бермесе, қылмыстық жауапкершілік туындайтынын ескертеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!