Биыл 217 мектеп оқушыларды қабылдайды
Осы жылдың соңына дейін 217 мектептің құрылысы аяқталады.
Фото: total.kz
12:34 05.06.2024
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстырған Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.
«2022 жылдан бастап Үкімет жобалық басқарудың белгіленген өлшемшарттарына сәйкес келетін ұлттық жобалардың жаңартылған тізбесін айқындау бойынша жұмыс жүргізді. Бюджеттің мүмкіндіктері мен басымдықтарын ескере отырып, 3 ұлттық жоба қабылданды. Оларды іске асыруға түрлі көздерден 625,2 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 536,4 млрд теңге бөлінді. Қалған 10 ұлттық жоба мен 2 мемлекеттік бағдарламаның күші жойылды», - деді министр.
Оның айтуынша, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын іске асыруға өңірлерге Ұлттық қор қаражаты есебінен 500 млрд теңге бөлінді, деп жазады kazinform.
«Ұлттық жобада 4 стратегиялық көрсеткішке қол жеткізу, оның ішінде кемінде 740 мың жаңа оқушы орындарын іске қосу көзделеді. Осы жылы 217 мектептің құрылысы аяқталады», - деді ол.
Мәди Тәкиев «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын іске асыруға жоспарланған 42 млрд теңгенің 37,8 млрд теңгесі бөлінгенін айтады.
«2023 жылы медициналық-санитариялық көмек пункттерінің 99 объектісін салу жоспарланған. Оның ішінде 93 объекті аяқталды, 3 объектінің құрылысы жалғасуда, 4 объектінің құрылысы тоқтатылды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыруға жоспарланған 87,8 млрд теңгенің 87,4 млрд теңгесі игерілді. Жоспарланған барлық көрсеткіштерге қол жеткізілді», - деді министр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!