СҚО-да есірткімен ұсталған жасөспірім 5 жылға сотталды
Солтүстік Қазақстан облысында 17 жастағы жасөспірім жігіт 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенге жұмыс істеп келген.
Фото: СҚО полиция департаменті баспасөз қызметі
20:03 05.06.2024
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «жеңіл ақша» таппақ болған жасөспірім Петропавлдағы колледждердің бірінде оқыған. Оны есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткен жылдың қараша айында ұстады. Жеке тінту кезінде жасөспірімнен салмағы 50 гр болатын аса ірі көлемдегі «α-PvP» есірткісі тәркіленді.
Ұсталған бозбала тергеу барысында барлық сұрақтарға белсенді жауап беріп отырды. Биыл сәуір айында үкім шығарылған кезде ол 18 жасқа толмаған еді. Осыны ескере отырып, сот жазаны қысқарту туралы шешім шығарды. Соған қарамастан, жігіт жастық шағының 5 жылын бас бостандығынан айыру орындарында өткізеді. Үкім заңды күшіне енді.
«Өткен жылы есріткі таратып-жасырған кәмелетке толмаған бес жасөспірім ұсталды. Орта есеппен есірткі жасырушылар үш ай шамасында ғана жұмыс істеп үлгереді. Аса ірі көлемде есірткі таратып-жасырғандарға заңнамамен 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Үмбетов.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!