СҚО-да 5 күнде жасөспірімдердің түнде серуендеуінің 84 дерегі тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ювеналдық полицейлер түнгі рейдтерді күшейтті. 5 күн ішінде жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жүруінің 84 фактісі анықталды, деп жазады kazinform.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі
10:57 07.06.2024
Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 күн ішінде солтүстікқазақстандық полицейлер жалпы 2339 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шара кезінде полицияның қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі барлық бағыты жұмысты күшейтті.
«Жазғы демалыс кезінде бос уақыттарын үйден тыс өткізетін жасөспірімдердің қауіпсіздігіне полицейлер ерекше көңіл бөледі. Десек те, облыс тұрғындарынан кәмелетке толмаған балаларына көбірек көңіл бөлуді, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды сұраймыз. Жасөспірімдердің қараусыз жүруі олардың тарапынан және оларға қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың жасалуына алып келуі мүмкін», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
1 маусымнан бастап тәртіп сақшылары есепте тұрған 2 мыңнан астам адамды тексерді. Оның ішінде тұрмысы қолайсыз 236 отбасы да бар. Кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамаған 33 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!