Олжас Бектенов денсаулық сақтау нысандарын салуда қаражатты негізсіз ұлғайтпауды тапсырды
Денсаулық сақтау нысандарын салу мен жаңғырту кезінде бюджет шығыстарының негізсіз ұлғаюына жол бермеу қажет.
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
11:29 11.06.2024
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Күрделі экономикалық ахуал жағдайында көптеген ел денсаулық сақтау саласына жеке инвестицияларды белсенді түрде тартуда. Медицина нысандарын салуды, жарақтандыруды және оларды басқаруды қамтитын мұндай әлемдік тәжірибе жақын арада саланың инфрақұрылымын дамытуда басым шара болуы тиіс. Өңірлік бөліністе мұндай инвестициялар Астана мен Алматы қалаларына, сондай-ақ Түркістан мен Атырау облыстарына барынша көп тартылған. Маңғыстау, Ұлытау, Жетісу облыстарына инвестициялар көлемі ең аз тартылған. Аталған өңірлердің әкімдері денсаулық сақтау саласына инвестицияларды белсенді тарту қажет. Осы ретте көшбасшылардың тәжірибесін пайдалануға болады», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр денсаулық сақтау нысандарын салу мен жаңғырту бойынша барлық іс-шаралар қаражатын неғұрлым тиімді әрі ұтымды жұмсау үшін жан-жақты талдаудан өткізу керектігін баса айтты.
«Бюджет шығыстарының негізсіз ұлғаюына жол бермеу қажет. Білуімше, министрлік өңірлер тарапынан бюджет қаржысын негізсіз алуды болғызбау жөніндегі жұмысты бастап кетті. Ақмарал Шәріпбайқызы, маған осы жұмыстың қорытындылары туралы үнемі баяндап отырыңыз», - деді Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға қарата.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!