Мәжіліс отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған заңды қабылдады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.
Фото: Әли Ғалым
13:12 12.06.2024
Бұл құжат 2023 жылғы 22 қарашада бірінші оқылымда мақұлданған еді.
«Заңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасы банкін «толыққанды даму институты» етіп, азаматтарды есепке қою мен тұрғын үйлерді бөлуді орталықтандыруға бағытталған нормалар көзделген. «Тұрғын үймен қамту орталығы» заңында жаңа электрондық мәліметтер базасын құру ескерілген. Заңда әскери қызметті атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасын бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша норма енгізілген», - деді Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов.
Құжатты екінші оқылым аясында талқылау барысында тиісті ұсыныстар қаралды.
«Біріншіден, «Отбасы банкі» екінші деңгейдегі банктер жүйесінде және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінде сақталып қалды. Сондай-ақ, «Отбасы банкінің» қызметін лицензиялау да сақталатын болады. Екіншіден, заң жобасына «сатып алу құқығынсыз» азаматтарға жалға берілген тұрғын үйлерді – енді «жекешелендіру құқығын беру» туралы ұсыныс енгізілді. Осы ұсыныс қолдау тапты. Қазір сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана берілетіні белгілі. Бұл азаматтарға жалға берілетін баспананы жекеменшік ретінде қалдық құнымен алуға мүмкіндік береді. Мұндай жаңа жекешелендіру құқығын барлық өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарындағы 51 мың азамат пайдалана алады. Үшіншіден, жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беру енгізіліп отыр. Бұл норма да қолдау тапты. Бұл ұсыныс 1600-ден астам адамның мәселесін шешуге бағытталған», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, асыраушысынан айырылған адамдардың мүдделерін қорғау мақсатында «жесірлер» санаты – жеке дербес санатқа бөлінді. Ол халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне жаңа санат ретінде қосылды. Бұл түзетуді депутаттар енгізіп, Үкімет қолдады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!