Автожолдар мобильді интернетпен қамтыла ма – министр жауап берді
Республикалық автожолдарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін 243 антенна-мачталық құрылғы орнатылады.
Фото: Александр Павский / Kazinform
12:27 18.06.2024
Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев айтты.
«Республикалық автожолдарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін тиісті цифрлық инфрақұрылым қажет. Бүгінгі күні әкімдіктермен 243 антенна-мачталық құрылғы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Антенна-мачталық құрылғылар құрылысы 2025-2026 жылдарға жоспарланған», - деді ол.
Министрдің дерегінше, қазіргі уақытта 13 антенна-мачталық құрылғы бойынша сараптамалардың оң қорытындысы алынды, ал, 141 құрылғы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
«84 антенна-мачталық құрылғы бойынша әкімдіктер осы жылдың 3-тоқсанында жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін конкурстық рәсімдерді бастауды жоспарлап отыр. Қаржы және Көлік министрліктеріне жергілікті атқарушы органдарға тиісті трансферттер бөлу бөлігінде антенна-мачталық құрылғылар құрылысын қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсыруды сұраймын», - деді Жаслан Мәдиев.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!