{metadescription}
Өзен-көлде, каналда, фонтанда бала өлімі жиіледі — Үкімет шара қолдануды тапсырды

Өзен-көлде, каналда, фонтанда бала өлімі жиіледі — Үкімет шара қолдануды тапсырды

Суға шомылу маусымы басталғалы кәмелетке толмаған 20 бала суда қаза тапты. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов шомылу маусымында балалардың қауіпсіздігіне баса мән беруді тапсырды.

«Жыл өткен сайын республиканың су айдындарында суға кеткен адамдар саны азаймай тұр. Бұл шамамен 200-300 адам. Олардың ішінде жүзге жуық бала бар. Өкінішке орай, биыл да бұл көрсеткіш төмендемей тұр. Жаз мезгілі енді басталды. Су айдындарында қайтыс болған адамдар, әсіресе балалар саны өсуде», — деді О. Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында. 

Мәселен, суға шомылу маусымы басталғалы кәмелетке толмаған 20 бала суда қаза тапты. Өткен аптаның өзінде елордада өзенді жүзіп өтемін деген жасөспірім қаза тапты. 

Қызылордада балаларды қорғау күнінде бірден екі бала суға кеткен. Түркістан облысында суару каналында екі бала көз жұмды. Каспий теңізінде қараусыз қалған екі жасар бала суға батып кетті.

«Мұндай фактілер күн сайын тіркеліп жатыр. Тіпті Төтенше жағдайлар министрлігінің бүгінгі ақпарында да суға батып кеткендер бар. Өңірлердің әкімдіктері осы бағыттағы профилактикалық жұмысты күшейткені жөн. Жүретін патруль санын көбейту қажет. Полиция ТЖМ балалардың су айдыны маңында қараусыз жүру фактілерінің жолын кесуі керек», — деді Үкімет басшысы. 

Негізінен адамдар суға түсуге арналмаған учаскелерде суға кетіп жатады. Қазіргі уақытта ел бойынша суға түсуге арналған 708 орын белгіленген.

Бұл жұмыс Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстарында белсенді жүріп жатыр. 

Сондай-ақ, демалыс орындары 10-нан аспайтын Қызылорда, Жетісу, Абай және Ұлытау облыстарында осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Бұл жұмысты батыс және солтүстік өңірлердің әкімдіктері де белсенді жүргізу керек. 

«Биыл Қазгидромет, әсіресе елдің батысында, шығысында және оңтүстігінде жаздың ыстық болатынын болжап отыр. Осыған орай, өзендер мен көлдерде демалушылар саны артады деп күтілуде. Бұған дайын болу керек. ТЖМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мобильдік бекеттер санын ұлғайтуы қажет», — деді Премьер. 

Су айдындарынның маңында орналасқан балалар лагерьлеріне ерекше назар аудару керек. Оқу-ағарту министрлігі әкімдіктермен бірлесіп балалардың жазғы кезеңдегі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы керек. 

Екіншіден, оңтүстік аймақтардағы суару каналдары да адамдарға қауіп төндіреді. Каналардар мен арықтардың көпшілігінде қоршау жоқ.

«Әсіресе, балалардың каналдарда қаза болу жағдайлары Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында көп тіркеліп отыр. Осыған байланысты әкімдіктер каналдар мен арықтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін шешу тиіс. Өткен жылы Павлодар облысында субұрқақта шомылып жүрген баланы электр тогы соқты. Әрине, субұрқақта шомылуға тыйым салынған. Бұл туралы санитариялық дәрігерлер үнемі ескертіп келеді. Бұған қарамастан, балалар субұрқаққа шомылуға барады. Мұны Астанада, Алматыда, басқа қалаларда да байқауға болады. Барлық әкімдіктер субұрқақтардың қауіпсіз жұмысын тексеріп, сондай-ақ бақылауды күшейтіп, балалардың шомылуына жол бермеуі тиіс», — деді Олжас Бектенов.

Дереккөз: kazinform

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде