Ақтөбе қаласының 2050 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді
Ақтөбе қаласының 2050 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді.
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
21:00 18.06.2024
Онда әуежайды Нұрбұлақ-1 ауылы маңындағы жаңа алаңға көшіру қарастырылған. Ал қаланың ескі бөлігіндегі Мәскеу және Құрмыш аудандарындағы ескі үйлер сүріліп, 5-8 қабатты үйлер бой көтеруі мүмкін, деп жазады kazinform.
Ақтөбе қаласының қазіргі бас жоспары ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 31 қазандағы № 643 қаулысымен бекітілген. Биыл жаңасы бекіді. Түзетулер кезінде 2022 жыл қоса алынып, 2050 жылға дейінгі кезең қамтылды. Бастапқы кезең 2022 жыл болса, 2030 жыл құрылыстың бірінші кезегі, ал 2050 жыл есептік кезең болып бөлінген. Тарқатсақ, 2022 жылы қала халқының саны 523,7 мың адам болған. Ал 2030 жылы 637 мыңға жуықтайды, 2050 жылға қарай 950 мың адам болады.
«Жаңа бас жоспардың жобалық ұсынысында ескі үй құрылыстарын бұзу және олардың орнына көпқабатты заманауи тұрғын үйлер салу қарастырылған. Мәскеу ауданындағы 85 га аумаққа 920 мың шаршы метр, Құрмыш ауданындағы 118 га аумаққа 1 275 мың шаршы метр 5-8 қабатты көппәтерлі үйлерді салу көзделген. Бас жоспардағы негізгі басымдық – тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру. Жүргізілген талдау нәтижелеріне сәйкес жобада «Алматы» әкімшілік ауданы үшін қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіне, «Астана» әкімшілік ауданы үшін солтүстік-батыс бөлікке кәріз-тазарту құрылыстарын салу ұсынылады. Жалпы өнімділігі тәулігіне 350 мың м³. Сонымен қатар, әрбір әкімшілік аудан үшін жалпы ауданы 67 га болатын 2 жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын және қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы.
Ал Ә.Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайды Нұрбұлақ-1 ауылы маңындағы жаңа алаңға шығару ұсынылады. Ал Ақтөбе қаласының төрт бұрышында айналма жол қалаға соқпай қозғалуға мүмкіндік береді.
«Димаш-арена, шетелдік туристерді тартатын бірегей объектілері бар этномәдени саябақ, фольклорлық ауыл, «Астана-арена» үлгісіндегі олимпиада стадионы және т.б. салынады. Этномәдени саябақты құру және ұлттық өнер түрлерінің орталығын қалыптастыру Бас жоспардың ең маңызды ұсыныстарының бірі. Елек өзені және Ақтөбе су қоймасы қиылысы ауданында саябақтар мен скверлер жүйесі бар рекреациялық аймақты қалыптастыру ұсынылады. Ол оқушылар сарайын, филармонияны, пансионаттар мен демалыс үйлерін, дендросаябақты, инновациялық технологиялар саябағын, спорт саябағын қамтиды. Сазды су қоймасы ауданында гольф саябағы, «Сазды» орман саябағы бар Сазды рекреациялық-ландшафтық аймағын құру ұсынылады», - деп жазылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!