ҰБТ-2024: Ереже бұзған 628 талапкердің нәтижелері жойылды
2024 жылғы негізгі ҰБТ кеше аяқталды. Ұлттық тестілеу орталығы оның қорытынды мәліметімен таныстырды.
12:40 13.07.2024
Республика бойынша 181 мыңнан астам талапкер (екі мүмкіндікті есепке алғанда 326 мың рет) ҰБТ тапсырды.
Оның ішінде:
Талапкерлердің 75,1% - ы қазақ тілінде, 24,8% - ы орыс тілінде, 168 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті;
- шекті балды 76,4%-ға жуық (139 мың) талапкер жинады;
- орташа балл – 68 балл;
- 641 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала қатысты;
- ең жоғары балл – 140.
Ереже бұзғаны үшін 628 адамның нәтижелері жойылды. Атап өтсек:
- смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 393 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды;
- тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 188 адам шығарылды;
- бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 47 адамның нәтижесі жойылды;
- бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетейік, биыл 65 мыңнан астам апелляциялық өтініш келіп түсті. Апелляцияны қарастыратын комиссия жұмысын 13-14 шілде аяқтайды, содан кейін талапкерлердің сертификаттары Жеке кабинетте қолжетімді болады.
Сондай-ақ ҰБТ кезеңінде электрондық пошта, call-орталық, әлеуметтік желілер бойынша 300 мыңға жуық өтініш өңделді.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!