Ақтау қаласының әкімі тағайындалды
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қалалық мәслихатының депутаттарына жаңа қала әкімін таныстырды, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
16:20 16.07.2024
Бұған дейін қала әкімі болған Ұлықбек Тналиев өз еркімен қызметінен кеткен.
Қалалық мәслихат депутаттары ұсынылған кандидатураны қолдады. Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Байпақов Әбілқайыр Жаңайұлы Ақтау қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.
Әбілқайыр Байпақов 1978 жылы Маңғыстау облысы Шетпе ауылында дүниеге келген. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша жоғары білімі бар.
Осы жылдар ішінде облыстың мемлекеттік органдарында, оның ішінде Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы мен мәдениет басқармасында, Ақтау қаласы, Түпқараған және Қарақия аудандары әкімі аппаратында, облыс әкімі аппаратында басшы, Баянды ауылының әкімі, «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ директоры, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2023 жылдан бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болды.
Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласы тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарған жұмысы үшін Ұлықбек Тналиевке алғыс айтып, Әбілқайыр Байпақовқа облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!