Майқайыңалтын шахтасында жарты жыл бұрын қаза тапқан құтқарушының денесі табылды
Майқайыңалтын кенішіндегі ойықтан қазып алынған үшінші құтқарушының мүрдесі 70 метр тереңдіктен табылған.
Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі
17:12 19.07.2024
Қазіргі уақытта марқұмның денесіне құқық қорғау органдары сараптама жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарланды.
«2024 жылғы 19 шілдеде «Майқайыңалтын» АҚ күшімен жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде 70 метр тереңдікте бір құтқарушының денесі табылды. Ол 4 қаңтарда «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-нің өзге үш құтқарушысымен бірге автобус ішінде келе жатып, жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне құлаған. Бұдан бұрын 2 құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданған. Сканерлеу және автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін сканері бар «Алтыналмас» АҚ мамандары тартылды. Сканерлеу нәтижелері бойынша автобустың 12 метр тереңдікте орналасқандығы анықталды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу орнына Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары келді, олар «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-мен бірлесіп денені жер бетіне көтеріп, жедел-тергеу тобына тапсырды. Қайтыс болған адамның туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін ТЖД психологы да келді», - деп мәлімдеді министрліктен.
Еске салайық, биыл 4 қаңтарда Павлодар облысында «Майқайыңалтын» АҚ аумағында автобус шұңқырға құлап кеткен болатын. Автобуста төрт адам болған. Сол күні қаза тапқан екі адам табылып, жер бетіне шығарылды. 55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергенов пен 36 жастағы взвод командирінің орынбасары Айдос Шаймерденнің денесі осы уақыт бойы табылмаған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!