{metadescription}
«Отбасы банк» зейнетақы ақшасына неге тіс емдеуге болмайтынын түсіндірді

«Отбасы банк» зейнетақы ақшасына неге тіс емдеуге болмайтынын түсіндірді

Отбасын банк Денсаулық сақтау министрлігінің БЖЗҚ жинағындағы шекті мөлшерден артылған соманы тіс еміне жұмсауға неге тыйым салғалы отырғанын түсіндірді.

Денсауминнің бірыңғай жинақтық зейнетақы қорының салымшыларына шотындағы шекті мөлшерден артылған соманы тіс емдеу шығындарына жұмсауға тыйым салатын құжат жобасын қоғамдық талқылауға шығарғанын жазғанбыз. «Отбасы банк» осы шараның не үшін қажет екенін түсіндірді.

«1 шілдедегі жағдай бойынша 386 533 адам жалпы сомасы 615,5 млрд теңгеге «Отбасы банк» арқылы емделуге өздерінің біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланды. Бұл соманың шамамен 40%-ы стоматологиялық қызметтерге тиесілі - тіс протездеу және имплантация. Алайда халықтың емделуге жұмсаған біржолғы зейнетақы төлемдерін тексеру кезінде мақсатсыз пайдалану жағдайлары анықталды. Банк бірқатар күдікті схемалардың белгілерін анықтап, олар бойынша ішкі тексерулер жүргізді. Істің қолда бар материалдарымен банк күдікті адамдарды анықтау және оларды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінді.

Осылайша, көрсетілген қызметтерге ақы төлеу түрінде кейбір стоматологиялық клиникалар азаматтарға қолма-қол ақша алуға көмектескен. Бұл зейнетақы төлемдерін мақсатсыз пайдалану», - деп жазылған «Отбасы банк» түсіндірмесінде.

Банк мәліметіне сүйенсек, кейбір стоматологиялық клиникалар күніне 70-тен астам клиент қабылдаған. Алайда бұл медициналық мекемелердің мұнша емделушіні қабылдап, тиісті қызмет көрсететіндей әлеуеті болмаса керек.

«Отбасы банк» сараптамасы жеке клиникалардың қызмет көрсету заңдылығына күмән келтіретін бірнеше фактіні анықтаған: Олар:

- стоматологиялық клиникалардың орналасқан мекенжайы клиенттердің тұрғылықты мекенжайы мен медициналық тіркеуіне сәйкес келмеген;
- қызмет көрсетілгенін құжаттардың расталмауы;
- кейбір клиенттер зейнетақы төлемдерін ешқандай стоматологиялық қызмет алмай, делдалдар арқылы және ақшалай сыйақы төлеп алғандарын мойындаған.

«21 жастағы қазақстандыққа «толық адентия», яғни тістердің толық болмауы диагнозы қойылғаны анықталды. Сонымен қатар, дәрігерлік комиссияның қорытындысында оған емдеудің келесі түрлері ұсынылды – тістерді тазарту, брекет орнату.

Бірыңғай зейнетақы төлемдерін пайдалану кезінде заңға қарсы іс-әрекеттердің және жаппай мақсатсыз пайдалану фактілерінің болуын ескере отырып, Отбасы банк мұндай фактілердің жолын қию үшін қажетті шараларды қолға алу туралы ұсыныс білдірді», - делінген ресми мәліметте.

«Отбасы банктің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова қазақстандықтар арасында БЖЗҚ ақшасы туралы жаңсақ түсінік бар екенін айтады.

«Біз 2021-2024 жылдар аралығында БЖЗҚ қаражатына ең көп қызмет көрсеткен 25 стоматологиялық клиниканың мемлекетке 63 млн теңге ғана салық төлегенін анықтадық. Ал БЖЗҚ қаражаты есебінен көрсетілген қызметтер көлемі шамамен 91 млрд теңге болған. Яғни, салық жүктемесі небәрі 0,07% ғана. Біздің ойымызша, бұл стоматологиялық клиникалар тарапынан көрсетілетін қызметтердің, әсіресе, протездеу және имплантациялау сияқты күрделі процедуралардың шынайылығына күмәндануға себеп болады», - дейді Ләззат Ибрагимова.

Осыны алға тартқан Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылдың 10 тамызынан 2025 жылдың 1 ақпанына дейін протездеу және тіс имплантациялау қызметтеріне бөлінген қаражатты пайдалануды уақытша тоқтатуды жоспарлап отыр.

«Осы уақыт ішінде банк біржолғы зейнетақы төлемдерінің уәкілетті операторы ретінде БЗТ қаражатын мақсатсыз пайдаланудың алдын алу және стоматологиялық қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді көздеп отыр», - делінген «Отбасы банк» түсіндірмесінде.

Дереккөз: Kazinform 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.