Батыс Қазақстанда беймәлім аурудан ұсақ мал қырылып қалды
АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық департаменті әлеуметтік желілерде малдың жаппай ауруға шалдығуы және қырылуы туралы жарияланымдарды тексеріп жатыр.
Фото: АШМ
20:12 25.07.2024
Желідегі жазба авторы мұның себебін жұқпалы аурудың өршуі деп болжайды.
Сондай-ақ, оның айтуынша, жергілікті халық ұзаққа созылған жаңбырдан ұсақ мал әлсіреп кеткенін айтқан.
Анықталғандай, 24 шілде күні таңғы сағат 6:00–ден бастап Қазталов ауылында қатты жаңбыр жауған. Шопан жайылымнан қойын ауылға айдай алмай, Қазталов ауыл округіндегі Мышым қыстауына тастап кеткен.
Салдарынан 25 шілдеге қараған түні 38 бас қой-ешкі қырылды.
«Сол күні ветеринарлық қызмет мамандары өлекселерді мал қорымына шығарды. Аса қауіпті ауруларды болдырмау үшін өлген 2 бас қой мен 1 ешкіден патологиялық материалдар іріктеп алынып, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық зертханасына жіберілді», - дейді АШМ баспасөз қызметінен.
Нәтижесі 5 тамызда дайын болады.
Эпизоотиялық жағдай осы аумақтың ветеринарлық қызметінің бақылауында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!