Қызылордада пирамида құрып, 26 млн теңгені қалтасына басқан әйел сотталды
Қызылордада қаржы пирамидасын құрған 32 жастағы азаматша бес жылға бас бостандығынан айырылды.
14:42 29.07.2024
ҚМА Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Chia-Tai-Tianqing Pharmaceutical қаржы пирамидасының Қызылорда қаласындағы құрылымдық бөлімшесін басқарған күдіктінің жолын кесті.
1992 жылы дүниеге келген азаматша Қызылорда қаласы аумағында 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың сәуірі аралығында қаржы пирамидасын құрған.
«Тергеу барысында күдікті шетелдік фармацевтикалық препараттар мен медициналық құрылғыларды өндіріп, оларды шетелге экспорттаумен айналысатын фармацевтикалық зауыттың қызметіне инвестиция тартушы ретінде көрсеткен. Сондай-ақ ол қосымша зауыттардың құрылысына және биологиялық белсенді қоспаларды жетілдіруге бағытталған заңды инвестициялаушы ретінде салымшылардың қаражатын заңсыз тартқан. Оларды қайта бөлу және бір қатысушыны басқалардың жарнасы есебінен байыту арқылы пирамида ұйымдастырушыларына салымның басым бөлігін иеленуге көмек беру түрінде ауыр санаттағы экономикалық қылмысты қасақана жасаған», — деп мәлім етті ҚМА Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.
Ведомство мәліметінше, күдікті 25 салымшыға жалпы 26 млн теңгеден астам аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтірген.
«Соттың шешімімен айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Айта кетсек, бұл компания өзін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде берген», — деп толықтырды департаменттен.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!