Түркістан облысында селфи жасаймын деп суға батып кеткен қыздың мәйіті табылды
Жасөспірім фотосессия жасау кезінде абайсызда Сайрам су өзеніне құлап кеткен. Құтқарушылар қыздың денесін сағат 16:10-да судан шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.
Фото: Түркістан облысы ТЖД
20:15 31.07.2024
Оқиға Қасқасу ауылынан 15 шақырым жердегі «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің аумағында болды. Достарының айтуынша, жасөспірім фотосессия жасау кезінде абайсызда Сайрам су өзеніне құлап кеткен.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД-нің 54 қызметкері, 1 жүзу құралы және 4 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ, Түркістан облысы Полиция департаментінің 6 қызметкері мен 3 техникасы және жергілікті атқарушы органдардан 11 адам іздеу жұмыстарын жүргізді.
«Бүгінгі іздестіру жұмыстары Төлеби ауданында сағат 16:00-да басталды. Содан 16:10 шамасында жасөспірім қыздың денесі Сайрам су өзенінен табылды. Мәйітті полиция қызметкерлеріне табыстадық. Азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз», - деді Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асхат Ержанов.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!