Биыл Арал теңізіне 1,38 млрд текше метр су келді
Су ресурстары және ирригация министрі Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобасының екінші кезеңіне дайындық бойынша кеңес өткізді.
Фото: Су ресурстары министрлігі
09:51 01.08.2024
Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясының кеңсесінде өткен кездесуге ХАҚҚ сарапшылары мен жобаны әзірлеуші мамандар қатысты. Министр жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу барысы және Солтүстік Арал теңізіндегі су ресурстарын ұлғайту және тұрақтандыру жұмысымен танысты, деп жазады kazinform.
Жоба үш негізгі бағыттан тұрады.
- Бірінші бағыт теңізде және оған жақын аймақта балық аулау мен су ортасының жағдайын жақсартуды, сондай-ақ Сырдария өзенінің атырабындағы сулы-батпақты жерлерді тұрақтандыруды көздейді. Су инфрақұрылымы жетілдіріліп, Солтүстік Арал мен Сырдария атырабындағы гидрологиялық жағдайы жақсарады.
- Екінші бағыт — Қызылорда облысында балық шаруашылығын, мал шаруашылығын, туризмді және орман отырғызуды дамыту арқылы орнықты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметті қолдау.
- Үшінші бағытта Арал-Сырдария бассейнінде су ресурстарын басқару жүйесі жақсарады деп күтіліп отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша министр ТЭН-ді мерзімінен кешіктірмей әзірлеу жөнінде бірқатар ұсыныс айтты, сондай-ақ Арал аймағында жобаға қатысты қоғамдық тыңдау өткізуді тапсырды.
«Әзірленіп жатқан жоба — Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау жөніндегі ауқымды жобаның жалғасы. Ол 2002-2010 жылдар аралығында іске асып, бүкіл Арал өңіріне оң әсерін тигізді. Екінші кезең Солтүстік Аралды тұрақты сумен қамтамасыз етуден бастап экономикалық және әлеуметтік жобаларды дамытуға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!