Алаяқтар ХҚО сайты бұзылғаны жайлы жалған хабар таратты
Әлеуметтік желіде халыққа қызмет көрсету орталықтарының сайты бұзылғаны туралы ақпарат тарады.
Фото: .istockphoto.com
09:41 02.08.2024
WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы тарап жатқан аудиожазбада полициядан ХҚО сайтының бұзылғаны жөнінде хабар түскені, соған байланысты eGov mobile арқылы 1414-тен хабарлама келсе, ешқандай сілтемеге кірмеу керектігі айтылады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ БҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
«Мемлекеттік корпорация ХҚО-ның бірыңғай сайты жоқ екенін хабарлайды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметті өз орындарында көрсетеді. Мемлекеттік қызметтерге онлайн тапсырысты электрондық үкімет порталы немесе eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. 1414-тен жіберілген хабарлама жалған емес. Бұл хабарлама eGov mobile-да тіркелмеген пайдаланушыларға түсті. Аталмыш мобильді қосымша сауалнамалардан өту үшін, сондай-ақ жаңалықтар туралы хабарлау үшін әртүрлі өмірлік жағдайларда жеке SMS және push-хабарлама жібереді», - деп хабарлады ведомстводан.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!