Қасым-Жомарт Тоқаевты Конго президенті еліне шақырды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дени Сассу-Нгессо екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Фото: akorda.kz
13:40 02.08.2024
Мемлекет басшысы Конго президентінің қазақ жеріне алғашқы сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
«Біз Конго Республикасын Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Екі ел бір-бірінен қашықта орналасқан. Соған қарамастан өзара байланысты жан-жақты дамытуға мүдделіміз. Қазақстан мен Конго ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс пен инвестиция, жаңа технологиялар мен ғарышты игеру бағыттары бойынша екі ел арасындағы ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгінгі қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Осы ниетіміздің айғағы ретінде біз Конгоға Елші тағайындаймыз», – деді Президент.
Дени Сассу-Нгессо Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конгоға дипломатиялық өкіл тағайындау туралы шешімі өзара ынтымақтастықты нығайта түсетінін айтты.
«Шын мәнінде, Сіздің бұл шешіміңіз Қазақстан мен Конго арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға деген ұмтылысыңызды анық көрсетеді. Біз жүзеге асыруға келіскен жобалар бойынша екі ел үкіметтері бірқатар келісім әзірледі. Мұның екі елге де пайдалы болары сөзсіз. Кейінгі жылдары Қазақстан даму жолында зор табысқа жеткенін атап өткім келеді. Біз Сіздің еліңізбен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз», – деді Конго Президенті.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан-Конго серіктестігінің даму перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, тараптар сауда-экономика, энергетика, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру, тау-кен өндірісі және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастықты кеңейту мәселелеріне айрықша назар аударды.
Келіссөз соңында Дени Сассу-Нгессо Қасым-Жомарт Тоқаевты Конго еліне сапармен келуге шақырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!