{metadescription}
СҚО-да қаңғырған иттер мал мен құсты қырып жатыр

СҚО-да қаңғырған иттер мал мен құсты қырып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысы Чапаев елді мекенінде қаңғырған иттер бір үйдің 12 қойын қырып кетті. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл алғашқы жағдай емес, бұған дейін де бірнеше шаңырақ мал-құсын қамаулы тұрған жерден өлі тапқан. 

Қызылжар ауданы Чапаев елді мекенінің тұрғыны Раусия Тулетаеваның айтуынша, қаңғырған иттер оның шашпада тұрған қойларына шапқан.

«11 қойды қырып кеткен, тағы біреуін арам өлтірмей, кісі шақырып, сойып алдық. 5-6 қойды жаралап кеткен. Кеше осы ауылдағы Әнас деген кісінің екі қойын тамақтап, екеуін жаралады.

Әкімге де хабарладым. Учаскелік полицей келіп, хаттама толтырды. Ветеринарлар келіп, жараланған қойларды көрді. Өлген малды иістеніп, шыбын үймелеп кеткендіктен полигонға апарғызып тастадық», - дейді Раусия Тулетаева.

Ауыл тұрғынының айтуынша, елді мекенде соңғы кезде қаңғырған иттер көбейіп кеткен.

«Келген адамдар айтып жатыр. Қаңғырған иттерден зардап шеккен жалғыз біз емес, Жансерік дегеннің құстарын, қойларын қырып кеткен. Ауыл ішінде иесіз иттер емін-еркін жүреді. Мана он шақтысын көрдім, ағашқа кірді. Атуға болмайды дейді. Малымызды қырып жатыр, қаншама шығын шектік. Жолдасымның жүрегіне ота жасаған, мүгедектігі бар, өзім де зейнеткермін, күн көріп отырған малымыз еді», - дейді Раусия Тулетаева.

Қызылжар ауданында бұралқы иттердің көбеюінен басқа ауыл тұрғындары да зардап шегіп жатыр. СҚО Ветеринария басқармасының мәліметінше, шілде айында Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында Абдужалоп Мансуровтың 9 қойын иттер қырып кеткен.

«2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда үй жануарларын міндетті есепке алу енгізілді, бірақ, өкінішке орай, үй жануарларының иелері «жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды бұза отырып, үй жануарларын чиптеуден бас тартады, осыған байланысты иттің иесін табу мәселесі туындайды. Сонымен қатар, уақытша ұстау пункттерінің болмауына байланысты қаңғырған иттерді аулау мүмкін емес.

Бүгінгі күні Қызылжар ауданының әкімдігі уақытша ұстау пунктін салу үшін жер учаскесін бөлді, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін құрылысқа қаражат бөлу мәселесі қаралатын болады», - дейді СҚО ветеринария басқармасының мамандары.

Дереккөз: Kazinform

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде