Колледж студенттерінің стипендиясы тағы 50 пайызға өседі
1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 43 мың теңгеге артады, деп жазады kazinform. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.
Фото: Kazinform
12:07 06.08.2024
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде мемлекеттік тапсырысты ұлғайту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп отыр. Биыл 145 мың грант бөлінді, оның 65%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған. Сондай- ақ, 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы өткен жылғы деңгейден 50%-ға ұлғаяды», - деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, биыл бірінші жартыжылдықта 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жақсарған.
«Техникалық базаның заманауи стандарттарға сай болуы және студенттерді оқыту мен педагогтердің жұмысы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуі маңызды. Биыл 2 103 орынға арналған 8 жатақхана салынып жатыр. Қазір Павлодар және Түркістан облысында 259 орынға арналған 2 жатақхана пайдалануға берілді. Талдау нәтижелері кейбір өңірлерде студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесі әлі де маңызды екенін көрсетіп отыр. Бұл Алматы қаласы (2 349 төсек-орын), Астана (1 291), Ақмола облысы (1 112), СҚО (811) және Алматы (711) облысында тапшылық бар», - дейді ол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!