Қарағандыда колледж студенті 7,5 жылға сотталды
Қарағанды қаласында есірткі жасырумен айналысқан студент 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазады kazinform.
Фото: Pixabay.com
11:39 07.08.2024
Жоғарғы соттың мәліметінше, Қарағанды политехникалық колледжінің 17 жастағы 3 курс студенті интернеттен «курьер қажет» деген хабарландыру көрген.
Хабарландыруда көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалып, жұмыстың қиын емес екенін, сонымен қатар жалақысының жоғары екенін біледі.
«Алынған геолокация бойынша 5-15 жиынтық тауып, оларды бір-бірден орап, Қарағанды көшелеріне жасырып келген. Кураторына фотоесеп жіберіп отырған. Әрбір салынған орама үшін банк картасына 2,5 мың теңгеден аударым алып отырған, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған», — делінген хабарламада.
Былтыр қараша айында ол полицияның қолына түсті. 15 ораманы алып шығып, оның төртеуін жасырып үлгерген.
Оған Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі 1, 3, 5 тармақшалары бойынша айып тағылды. Сотта айыпталушының кінәсі дәлелденді.
Соттың үкімімен студент айыпты деп танылып, ол 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья оның кәмелетке толмағанын ескерді, - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!