Атырау облысындағы каналдардан 45 млн-ға жуық шабақ құтқарылған
Атырау облысындағы каналдардан балық шабақтарын құтқару жалғасып жатыр.
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы
09:08 13.08.2024
Бір аптада Жайық өзеніне 45 млн-ға жуық шабақ жіберілді, деп жазады kazinform. Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың айтуынша, бір аптадан бері шабақтарды құтқару жұмысы жалғасып жатыр.
Шабақтарды құтқаруға Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері мен №5546 әскери бөлімінің сарбаздары тартылған. Сондай-ақ, балық шаруашылығы саласындағы «Абылай-Хан», «Аманкелды атындағы», «Долгий», «Восток» ЖШС, «Тілекші» серіктестіктері мен «Сағиева» шаруа қожалығының қызметкерлері мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары көмекке келген.
«Қазір көктемгі тасқын кезінде жайылмаға шыққан су тартылып жатыр. Соның салдарынан балық шабақтарының қырылу қаупі туындады. Сол себептен шабақтарды құтқару қолға алынды. Осыған байланысты 17 іс-шара жоспары бекітілді. Шабақтарды құтқару 5 тамызда басталып, 9 тамыздан бері жұмыс күші көбейттілді. Оған 30-дан аса сарбаз мен 20-дан аса балық шаруашылығы кооперативі жұмылдырылды. Ал Теплый аталатын канал бойында Ұлттық ұланның 100-ден сарбазы мен балық шаруашылығы саласындағы 11 кооператив тартылды. Осы кезге дейін 44 млн 741 шабақ құтқарылды», - деді Нұрлан Жантоқов.
Оның дерегіне қарағанда, Атыраудан Доссор бағытына қатынайтын тас жолы бойындағы «Соколок» арнасынан және сол аумақтағы жайылмадағы судан 646 мың шабақ құтқарылған. Ал «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ның сарқынды суларына арналған Маломокрый арнасынан 93 мыңға жуық шабақ сүзіліп алынған.
«Махамбет ауданындағы Жалғансай және Сарайшық ауылдық округтерінің қызметкерлері еріктілермен бірге Атырау-Орал бағытындағы трасса маңына жиналған жайылма судан 80 мыңнан аса балық шабағын құтқарды. Арнайы құралдармен сүзіліп алынған шабақтар тірі күйінде Жайық өзеніне жіберілді. Қазір жайылмадағы суды «Соколок» арнасына бағыттау үшін қосымша канал қазылып жатыр», - деп мәлім етті Нұрлан Жантоқов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!