Отандық өнім бола тұра, импорттық тауарларды сатып алуды доғару керек – Олжас Бектенов
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов отандық шикізат пен материалдарды пайдалану бойынша ірі мердігер компаниялардың міндеттемелеріне мониторинг жүргізудің пәрменді тетігін әзірлеуді тапсырды, деп жазады kazinform.
Фото: primeminister.kz
12:55 13.08.2024
«Жұмыстар мен қызметтердің конкурсын жеңіп алған мердігер компаниялар қазақстандық өнімдер бола тұра, импорттық тауарларды сатып алуын жалғастырып келеді. Мұны доғару керек. Өнеркәсіп министрлігіне мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, отандық шикізат пен материалдарды пайдалану бойынша ірі мердігер компаниялардың міндеттемелеріне мониторинг жүргізудің пәрменді тетігін әзірлеуді тапсырамын», - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының атап өтуінше, отандық фармацевтика саласын дамытудың маңызы зор.
«Осы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің фармацевтика өндірісі 14,5 пайызға ұлғайды. Алайда, саладағы әлеует бұдан әлдеқайда жоғары. Денсаулық сақтау министрлігіне осы көрсеткішті жыл соңына қарай одан әрі ұлғайтып, шығарылатын препараттардың көлемі мен тізбесін кеңейту жұмысын жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ, фармацевтика өнімін сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдардың электрондық сатып алу жүйесіне көшуін тездету қажет», - деді ол.
Сонымен қатар Премьер-Министр бүгінде мұнай-газ өнеркәсібі үшін өндірістің жаңа түрлерін игеру бойынша 65 меморандум бекітілгеніне тоқталды.
«Оларды қазірден бастап офтейк-келісімшарттарға трансформациялау қажет. Энергетика министрлігі қыркүйек айының соңына дейін ірі мұнай-газ компаниялары мен қазақстандық өндірушілердің арасында ұзақ мерзімді келісімшарттардың кепілді түрде жасалуын қамтамасыз ете отырып, тиісті жұмыс жүргізуі қажет», - деі Үкімет басшысы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!