Қызылордалық оқушы шахматтан әлем чемпионатында қола медаль алды
Қызылордалық оқушы Ақылжан Мейірханұлы шахматтың блиц түрінен әлем чемпионатында үшінші орын алды.
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
14:06 13.08.2024
Өзбекстан астанасы - Ташкент қаласында 13 жасқа дейінгі оқушылар арасында шахматтың блиц түрінен әлем чемпионаты өтті. Онда Арал ауданындағы Ж.Әбдірашұлы атындағы №62 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Ақылжан Мейірханұлы үздік үштікті түйіндеді.
Қызылордалық жас өрен бұған дейін өз қатарластары арасында талай республикалық жарыста топ жарды. Жақында Алматы қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында командалық есепте 2 алтын медаль еншілеген еді.
Айта кетсек, Ақылжанның жеке бапкері - әкесі Мейірхан. Ол кісі отбасындағы алты баласын да шахматқа баулыған. Қазірге дейін балалары Сағыныш, Сақыпжамал, Мейіржан, Сабина кезінде сан алуан жарыстарда топ жарған. Халықаралық және республикалық деңгейдегі бәсекелерде жеңімпаз және жүлдегер атанған.
«Балаларды жарысқа өзім алып барамын. Сайыс барысында кеңес беруге тырысамын. Әрбір жеңіс осындай өлшеусіз еңбектің жемісі. Ұлдың кенжесі Ақылжанның Әлем чемпионатына жолдама алуы көп жылғы еңбектің жемісі деп білемін», -деді Мейірхан Бармағанбетов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!