Павлодар облысында кәмелетке толмаған қыздарды зорлаудың үш фактісі тіркелді
Жасөспірім қыздарды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеудің үш бірдей оқиғасы кейінгі бір апта көлемінде анықталып отыр, деп жазады kazinform.
Фото: pexels.com
09:47 14.08.2024
Ал, жыл басынан кәмелет жасына жетпегендердің жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар бойынша 10 факті белгілі болған.
Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова хабарлады.
– Павлодар облысында кәмелет жасына толмаған 13, 16 және 17 жасар қыз балаларды зорлау фактісі расталды. Алғашқысы Екібастұз қаласында болған. Ер адам Telegram мессендержері арқылы қызбен сөйлесіп, кейін онымен кездесіп, ойындағы зұлым әрекетін жүзеге асырған. Ал, 16 және 17 жасар қыз балалар өзге өңірлерде тұрады. Олар өздерінің зорлық-зомбылықтың құрбаны болғаны туралы ешкімге тіс жармаған. Барлығымен сөйлестім. Қыздардың бірі бірнеше күн отыра алмағанын мойындады. Қолын ұстағанымда дірілдеп, көз жасын төгіп, жылады. Мен бұл жағдайға оның кінәлі емес екенін түсіндіруге тырыстым. Статистикаға сүйенсек, зорлық-зомбылық жасайтындар көбіне өз әкесі немесе өгей әкесі, отбасының өзге туыстары, бірге тұратындар, көршілері, отбасының достары болып келеді. Жыныстық тұрғыдағы зорлық-зомбылықты кім жасаса да оған ақтау мен кешірім болмауы керек, - деді Сәуле Шәкенова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Ал, Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов 16 және 17 жастағы қыздарды зорлау фактісі бойынша бір күдікті азаматтың ұсталғанын мәлімдеді.
«Кәмелетке толмағандарды зорлау фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - деп мәлімдеді ол.
Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен жалпы жыл басынан Павлодар облысында кәмелет жасына толмағандарды зорлау бойынша 10 факті тіркелгенін айтады. Оның 6-ауы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!