Мемлекет басшысы Qarmet металлургиялық комбинатына барды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатын аралап көруден басталды.
Фото: Ақорда
13:07 14.08.2024
Президент №3 домна пешінің жұмысымен танысты. Мұнда жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіріледі.
«Qarmet» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин өндірісті дамыту үшін атқарылған және жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде баяндады. Бұл мақсатқа 3,5 миллиард доллардан астам қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек 500 миллион доллар шамасында Көмір департаментіндегі және 978 миллион доллар көлемінде Темір рудасы департаментіндегі жобаларға қосымша инвестиция құю жоспарланған.
Кәсіпорын ғимараттар мен нысандарға ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биылғы жаңғырту бағдарламасына 100-ден астам нысан енген. 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылуда. Сонымен қатар бұған дейін қабылданған «Тазалық» бағдарламасына сәйкес 120 санитариялық-тұрмыстық ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіле бастады.
Мемлекет басшысына сляб пен блюм шығаратын №2 конверторлық цех пен металл әзірлемелерін үздіксіз құю машинасының жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын басшылығы бүгінде мекеменің техникалық жағдайын бабында ұстап тұру, жөндеу жүйесін, сондай-ақ кристалдандырғыш айналым жүйелері мен барлық машина сегменттерін жетілдіру басты міндет екенін атап өтті. Келесі жылы басқару және гидравлика жүйелерін жаңғырту жұмыстары атқарылмақ.
Андрей Лаврентьевтің айтуынша, іске асырылып жатқан жобалар комбинат жұмысын тұрақтандырып, компанияның «5-9-5» бағдарламасының орындалуына болжам жасауға мүмкіндік берді.
Қабылданған стратегияға сәйкес кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат шығаруды, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда орта есеппен 66 пайыз өсімді қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы комбинатты табиғи газға көшіру маңызды шешім екенін атап өтті. Бұл бастапқы кезеңде қоршаған ортаға келетін зиянды 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл күзде Теміртау қаласында экологиялық таза көлік түрі – трамвай желісі қалпына келтіріледі. Президент өнеркәсіп қауіпсіздігі, өндірістің тиімділігін арттыру және жаңғырту, аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың мерзімі мен жоғары сапа стандарттарын қатаң сақтау қажет екеніне баса назар аударып, бірқатар нақты тапсырма берді.
– Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі кезде «Qarmet» акционерлік қоғамында 34 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Металлургиялық комбинаттың өндірістік қуаты жылына 5,3 миллион тонна болат өндіруге жетеді. Былтыр кәсіпорын 2,9 миллион тонна дайын өнім шығарған. Оның 2,1 миллион тоннасы Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия, Әзербайжан және Ауғанстан елдеріне экспортталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!