СҚО-да көкжөтелден ем алған балалардың саны бес есе артқан
Солтүстік Қазақстан облысында көкжөтелмен ауырған балалар саны еселеп артқан. Дертті жұқтырған балалардың ешқайсы екпе алмаған.
21:00 14.08.2024
СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі Kazinform тілшісінің сауалына берген жауабында соңғы жеті айда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекциялық бөлімінде 51 баланың ем алып шыққанын айтты. Былтыр осы аралықта 10 балаға «көкжөтел» диагнозы қойылған.
«Нәрестелерде, әсіресе 6 айға дейінгі балада көкжөтел ауруы кезінде көкжөтел энцефалопатиясы дамиды, бұл - мидың өзгеріске ұшырауы. Сондай-ақ өкпесіне зақым келеді, диафрагмасы жарылып, арты ауыр пневмонияға апарады. Болашақта аурудан кейін созылмалы бронхит, конвульсиялық ұстамалар, психосоматика және невроздар пайда болуы мүмкін», - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Гүлнар Сайлауқызы.
Маманның айтуынша, көкжөтелдің алдын алудың негізгі және жалғыз жолы - инфекцияға қарсы вакцинациядан өту.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, науқастардың негізгі үлесі - бір жасқа дейінгі балалар.
Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес, көкжөтелге қарсы вакцинация нәрестеге 2, 3 және 4 айында үш рет жасалады. Ревакцинация негізгі иммунитетті сақтау үшін 18 айда қойылады. Әрі қарай, 6 жасында вакцинаның қосымша дозасы енгізіледі.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!