Мемлекет басшысының Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуі шегерілді – спортшылардан COVID анықталды
2024 жылдың 14 тамызында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездеседі деп жоспарланған болатын.
Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform
10:11 15.08.2024
Бірақ бұл іс-шара кейінге шегерілді. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Айта кетейік, 14 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Париж қаласында өткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін Қазақстан ұлттық құрамасының бір топ спортшысы мен бапкері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Zakon.kz-тің жазуынша, Б.Уәли Президенттің Париж Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесуі не себепті кейінге шегерілгенін түсіндірді.
«Өздеріңізге белгілі, Президент кеше Париж Олимпиадасының жүлдегерлері мен бапкерлер құрамын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрама мүшелерімен бүгін кездесуді жоспарлаған болатын. Өкінішке қарай, атлеттер мен жаттықтырушылардың жартысынан коронавирус инфекциясы анықталды. Сол себепті кездесу кейінге шегерілді. Спортшылар мен бапкерлердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз», - деді Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Олимпиада жүлдегерлерін міндетті түрде қабылдайды. Кездесу тамыз айының соңында Ақордада өтеді деп жоспарланып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!