Батыс Қазақстанда ұялы байланыс операторларына 50 млн теңге айыппұл салынды
Батыс Қазақстан облысында ұялы байланыс операторларының қызмет сапасына байланысты жыл басынан бері жоспардан тыс 28 тексеру жүргізілді.
Фото: freepik.com
15:28 15.08.2024
БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы міндетін атқарушы Ерғали Ержановтың мәлім еткеніндей, соның ішінде 12 тексеру ауылдарда, 16-сы Орал қаласында аяқталған.
«Тексеру барысында байланыс операторларының белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтіні анықталды. Сондықтан оларға 49,8 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Атап айтқанда, Beeline және Tele2/ALTEL операторларының әрқайсысы 22,1 млн теңгеден «арқалады». Сондай-ақ Кселл/Актив үшін айыппұл көлемі 5,5 млн теңге болды», дейді Е.Ержанов.
Оның айтуынша, биыл Орал қаласы мен 183 елді мекенді мобильді интернетпен қамтудың сапасын жақсарту мен кеңейту көзделсе, соның ішінде 41 ауылда жаңа базалық станция салу жоспарланған болатын. Қазіргі кезге дейін 13 ауылда интернетпен қамту сапасы жақсартылды.
«Kcell байланыс операторы 20 елді мекенде жаңа базалық станциялар салуды және 9-ында қолданыстағыларын жаңғыртуды қоса алғанда, Орал қаласы мен 28 ауылда байланыс сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеуде. Күні бүгін 6 ауылда жаңа базалық станциялар орнатылған. Сол секілді Beeline байланыс операторы 23 ауылда базалық станцияларды орналастырып, 132 елді мекенде байланыс сапасын жақсартуды жоспарлаған еді. Қазіргі уақытта мұндай жұмыстар алты ауылда атқарылған. Жыл соңына дейін 16 елді мекенде жаңа базалық станциялар орнатпақшы», деді Е.Ержанов.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Smart City» тұжырымдамасына сәйкес жыл сайын ақылды қалалардың рейтингісін өткізеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Орал қаласы 76 пайызбен үздік 4 қаланың қатарына кірген.
Тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында тәулік бойы ikomek109 бірыңғай call-орталығы жұмыс істейді. Жалпы, жыл басынан бері call-орталығына 36 941 қоңырау түсті.
Су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары барысын нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізу үшін құрылыс алаңдарында 8 елді мекенде және Орал қаласының 3 шағынауданында 22 бейнебақылау камерасы орнатылып, www.gov.kz интернет-ресурсына шығарылды.
«БҚО әкімдігінің ведомстволық бағынысты мекемелерінің сайттарын оңтайландыру аясында bkogov.kz бірыңғай интернет-ресурсқа 500-ден астам сайтты орталықтандыру жұмыстары жалғастырылуда. Осыған дейін аталған сайттарды ұстауға жергілікті бюджеттен 50 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Қазіргі уақытта бұған кететін қаржы жылына шамамен 2 есеге азайды. IT-салада «IT-Hub» базасында бағдарламалау мектебі құрылды, онда 2 жыл ішінде 47 маман курстардан өтіп, жергілікті IT-компанияларда жұмыс істеуде. Сондай-ақ it-стартаптарды ілгерілету және цифрлық сауаттылықты арттыру үшін Jaiq Hub алаңы ашылды. Сонымен қатар «iQala» жобасы аясында инженерлік желілерді өткізу үшін техникалық шарттарды беру процессі «Qr.Gov.Kz» платформасында автоматтандырылған болатын. Яғни, облыс орталығының тұрғындарына қызмет көрсету шарттарын қайта жасасу үшін әрбір коммуналдық ұйымға жеке барудың қажеті жоқ», деді Е.Ержанов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!