СҚО-да білім беру саласының үш лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары білім беру мекемелерінде еңбек ететін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғады.
11:02 19.08.2024
СҚО прокуратурасы мәлім еткендей, қадағалаушы орган білім беру саласының жұмысына талдау жүргізіп, нәтижесінде оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде өрескел заң бұзушылық жіберілгені анықталды. Осылайша кәсіпкерлердің құқығы бұзылған.
«Облыстық білім басқармасының лауазымды тұлғалары бюджет және салық заңнамасының талаптарын бұза отырып, бюджеттік өтінімдерді дайындау кезінде мектепте бір реттік тамақтандыру құнын есептеу кезінде қосылған құн салығының ставкасын - 12% ескермеген. Кәсіпкерлерге тамақтандыруды ұйымдастырғандары үшін бір оқушыға қажетті 647 теңгенің орнына 614 теңге мөлшерінде төлем жасалған. Соның салдарынан мектептерде тамақтандыру қызметін көрсететін 6 кәсіпкердің құқықтары бұзылған», - дейді өңір прокурорлары.
Қадағалау органының актісі бойынша бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру қайта қаралып, кәсіпкерлік субъектілерімен қосымша келісімдер жасалды. Қаржыландыру 5,6 млн теңгеге ұлғайтылды.
Заң бұзушылыққа жол берген 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!