СҚО-да 1 млн теңге пара алған департамент басшысы 30 млн теңге айыппұл төлейтін болды
Петропавл қалалық соты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы А.Мұстафиновқа қатысты үкім шығарды.
14:38 19.08.2024
«Ол делдал арқылы СҚО Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне ұн жеткізу қызметтерінде мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға жәрдемдескені үшін кәсіпкерден 1 млн теңге мөлшерінде пара алу бойынша кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен Мұстафинов мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 30 млн теңге мөлшерінде, пара беруші мен делдал тиісінше 20 млн және 10 млн теңге көлемінде айыппұлға сотталды», — деп жазды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан басқа, енгізілген ұсынымның нәтижелері бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен тиісті ведомстволық бақылаудың және профилактикалық жұмыстың болмағаны үшін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылығы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Атап айтқанда, комитет төрағасы әділет полковнигі Т. Жәнібековке сөгіс, оның орынбасары әділет генерал-майоры М. Аюбаевқа, өздік қауіпсіздік, кадрлық жұмыс және тылдық қамтамасыз ету басқармаларының бастықтарына қатаң сөгіс жарияланды.
Осы бұйрықпен Мұстафинов теріс себептермен ішкі істер органдарынан босатылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!