{metadescription}
Жыл басынан бері 10,1 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Жыл басынан бері 10,1 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

1 тамызындағы жағдай бойынша 10 134 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 138,5 мың этникалық қазақ оралды, деп жазады kazinform.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен жазғандай, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (47,5%) Қытайдан, 37% — Өзбекстаннан, 5,8% — Түрікменстаннан, 5,2% — Моңғолиядан, 3,2% — Рессейден және 1,3% басқа елдерден.

«Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,3%-ды және зейнеткерлер 9,7%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,4%-ы жоғары білімді, 23,8%-ы орта кәсіби білімді, 54,6%-ы жалпы орта білімді, және 4,2%-ының білім жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды», — делінген ақпаратта.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1937 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады — бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге — бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

«Жыл басынан бері 1755 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 479 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді», — деп мәлімдеді министрліктен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде