{metadescription}
СҚО-да қарақшылар ер адам мен оның 12 жастағы жиенін байлап, үйді тонаған

СҚО-да қарақшылар ер адам мен оның 12 жастағы жиенін байлап, үйді тонаған

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер қарақшылық шабуылға күдікті төртеуді ұстады. Олар Тайынша ауданында тұрғынның үйіне баса-көктеп кіріп, шамамен 640 мың теңгенің дүниесін алып кеткен.

Ведомствоның мәліметінше, қылмыс 9 тамызға қараған түні жасалған. Белгісіз адамдар 41 жастағы ауыл тұрғынының үйіне кіріп, оны және 12 жастағы жиенін скотчпен байлап, үйдегі бар ақшаны, екі ұялы телефонды және алтын бұйымдарды қолды қылған. 

Қылмыскерлер үйден шығып кеткеннен кейін бала қолының скотчын тісімен жұлып, босаған. Кейін жақын маңдағы учаскелік полиция инспекторының үйіне барып, болған жағдай туралы хабарлаған. 

Полицияның барлық күштері дереу күдіктілерді іздеуге жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары есепте тұрған адамдарды тексеріп, ауылға келген адамдар мен бөтен көліктер туралы ақпарат жинады.

«Нәтижесінде күдікті ретінде СҚО мен Ақмола облысының 30 бен 38 жас аралығындағы төрт тұрғыны анықталды. Тайынша ауданының полиция бөлімі және криминалдық полиция басқармасының жедел қызметкерлері оларды Астана қаласының аумағында ұстады. Қазіргі уақытта айыпталушының үшеуі қамауға алынды. Ұрланғанның бір бөлігі тәркіленіп, тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - дейді СҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Күдіктілердің қарақшылық шабуыл жасағаны дәлелденген жағдайда сот үкімімен олар 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Дереккөз: Kazinform

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде