Алматыда халықты сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр
Халықты сапалы сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйесін жабдықтау – маңызды мәселенің бірі. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында айтты.
Фото: Алматы әкімдігі
12:07 22.08.2024
Шаһар басшысының сөзінше, биыл жазда «Балқаш» таза су резервуары пайдалануға беріліп, «Каменск үстірті» шағын ауданындағы талай жылдан бері қордаланған су тапшылығы мәселесі шешілді.
«2023 жылдың мамыр айында басталған ауқымды жоба аясында 7,3 мың текше метр суға арналған 7 резервуар салынып, 3 резервуар жаңартылды. Сондай-ақ тәулігіне 15,7 мың текше метр су өткізу қабілеті бар 3 жаңа ұңғыма пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, тәулігіне 22 мың текше метр су өткізуге арналған 12 сорғы орнатылды және Мемлекет басшысының тапсырмасымен тәулігіне 32 мың текше метр су беруге арналған резервтік су беру жүйесі іске қосылды», - деді ол.
Негізгі су көздері – Талғар жер асты суларының кен орындарынан су каскадты әдіспен жеткізіледі. Осылайша, «Самал», «Көктөбе» және « Таулы қырат» шағын аудандарының бір бөлігінің 50 мың тұрғыны сумен тұрақты қамтамасыз етілді.
«Халық санының өсуіне байланысты, соның ішінде «Думан» шағын ауданында сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Жаз мезгілінде қолданыстағы резервуарлардың өткізу қабілеті ауыз суға деген қажеттілікті өтей алмай, тәулігіне 2,2 мың текше метр су тапшылығына әкелді. Бұл мәселені шешу үшін төрт жаңа резервуар, 3,5 км су құбырының құрылысы және екі сорғы станциясын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар 2025 жылдың бірінші тоқсанында басталады», - деді ол.
Айтуынша, 2024 жылдың соңына дейін «Кеңсай», «Компот», «Думан» және «Көлсай» шағын аудандарында 65 км су және кәріз желілерінің құрылысы аяқталады.
Сондай-ақ «Мұзтау» және «Сұлусай» шағын аудандарында 19,5 шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оны 2025 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау көзделген.
«2024 жылдың наурыз айында «Атырау», «Алатау» және «Малая Станица» шағын аудандары бойынша 37 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуға мемлекеттік сараптама алынды. Жұмыстар 2025 жылдың бірінші тоқсанында басталады. Сондай-ақ, «Аскартау», «Юбилейный», «Каменск үстірті» және «Таулы қырат» шағын аудандарында 127 км желі салуға құжаттама әзірленді. Сараптама 2024 жылдың төртінші тоқсанында шығады», - деді Ерболат Досаев.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!