Ақтөбеде спорт мектебі тәрбиеленушісінің өліміне қатысты іс жабық өтеді
Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотта Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі тәрбиеленушісінің өліміне қатысты іс қарала бастады, деп жазады kazinform.
Фото: Kazinform
13:33 22.08.2024
Жәбірленуші пен прокурор соттың ашық өткенін сұрағанымен, айыпталушылар қарсы болып, сот процесті жабық өткізуге қаулы шығарды.
Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотта ҚР Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі, яғни, «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен іс қаралып жатыр. Айыпталушылар Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 10 сынып оқушысы және колледж студенті.
Сот отырысы басталмас бұрын судья Ержан Құрманов айыпталушылардың қорғаушыларынан соттың ашық не жабық өтуі жайлы пікірін сұрады. Қос айыпталушының қорғаушысы Қылмыстық процестік кодекстің 542-бабына сүйеніп, соттың жабық өтуін сұрады. Ал, жәбірленуші тарап пен прокурор резонанс тудырған істің ашық өткенін қалады.
– Қылмыстық процестік кодекстің 29-бабына сәйкес қылмыстық іс ашық түрде жүргізіледі. Кәмелетке толмаған сотталушы болса оған шектеу болуы мүмкін. Сот сотты жабық өткізу туралы қаулы етті, - деді судья Ержан Құрманов.
Сот залынан шығарылған марқұм Әубәкір Бексұлтанның анасы Зоя Базарбаева бұған қарсы болып, процестің ашық өтуін сұрады.
– Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот деп процесті жабық өткізеді. Әкесі ғана іште қалып, мені шығарып жіберді. Мен бұған қарсымын. Өйткені резонанс болды. Бүкіл ел біледі. Оның несін жасырып отыр? Мен соған қарсымын. Мұғалім, директорды жазалаған жоқ. Тек екі баланы сотқа әкелді. Қалған 5 бала қайда? Мектеп, басқарма қайда қарап отыр? Сонда мектепке сап-сау баланы жіберіп, денесін аламыз ба? Есет батыр мектебі менің өміріме, баламның тағдырына қасірет әкеліп тұр. Баламның жанында болған сыңары өзімен өзі оқшауланып қалды. Арада 132 күн өтті. Ол күнде сыңарын түсінде көреді. Өмірлік стресс алды, - деді жәбірленуші Зоя Базарбаева.
Ол қайғылы оқиға болған күні жалған ақпарат таратқан мектеп директорының, жаттықтырушылары мен бапкерлерінің, басқарма басшыларының жауапқа тартылып, жазаланғанын сұрады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!