{metadescription}
Ермек Маржықпаев: Ұлттық Олимпиада комитеті Париждегі жағдайдан сабақ алып, сапалы жұмыс жүргізуі қажет

Ермек Маржықпаев: Ұлттық Олимпиада комитеті Париждегі жағдайдан сабақ алып, сапалы жұмыс жүргізуі қажет

Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысы өтті.

Бұл туралы Туризм жəне спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Өздеріңіз білесіздер, кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Олимпиада жүлдегерлерімен кездесті. Спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Спортқа жүйелі қолдау көрсетіп, жан-жақты дамыған, салауатты ұлт қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижені жақсарту керек. Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлері бар. Солардан дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты. Былтыр Ханчжоуда Азия ойындары өтті. Азиадаға қатысқан спортшылардың 80 пайызы биыл Парижге барды. Ал Ханчжоудан ұлттық құраманың қандай нәтижемен келгені бәрімізге белгілі. Тарихтағы ең нашар Азиада болды. Соған қарамастан аз уақыт қалса да, жағдай жасадық. Бірақ Париждегі нәтижені өздеріңіз біліп отырсыздар», - деді министр.

Ермек Маржықпаев міндеттемелерге сәйкес еркін күрес командасы қола медаль алуға уәде бергенін атап өтті. Алайда спортшылар ширек финалға өте алмай, бірінші айналымнан шығып қалды. Тіпті медаль жеңіп алу жағынан ең сәтсіз деген Токио Олимпиадасында қола медаль болған еді. 

«Тарихта алғаш рет әйелдер күресінен спортшылар Ойындарға қатысқан жоқ. Бұрын бізде дәстүрлі түрде жақсы позициялар болған», - деді министр.

Ермек Маржықпаев өңірлердің жағдайына тоқталды. 

«Ұлттық құрамаға 17 өңірдің спортшылары кірді. Алматы (17), Астана (14) және Шымкент (12) өкілдері көп жолдамаға ие болды. Ал Қостанай, Ұлытау және Маңғыстау облыстарының спортшылары бірде-бір лицензия алған жоқ. Жүлдегер спортшылар келесі облыстардан шықты: Жамбыл облысы (алтын – Сметов Е.), Алматы қаласы (күміс – Н. Құрбанов, 3 қола: Ғ.Қырғызбаев, Н.Қызайбай, И.Сәтпаев және А.Ле), Астана қаласы (күміс –Н.Оралбай), Алматы облысы (күміс – Д. Жадыраев)», - деп атап өтті министр.

Ермек Маржықпаев жергілікті атқарушы органдар олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріп, саланы дамыту саясатын қайта қарауы қажет екенін айтты. 

«Қазірден бастап мүдделі тараптармен бірге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. 6 айдан кейін Харбинде 9-шы Қысқы Азия ойындары өтеді. Милан мен Кортина-дАмпеццо қалаларында өтетін 25-ші Қысқы Олимпиада ойындарына да аз уақыт қалды. Ұлттық құраманың дайындығын күшейту қажет», - деді министр.

Министр Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысындағы баяндамасын аяқтай келе жоғарыда атаған шаралар алдағы уақытта жемісін беретініне сенім білдірді. 

«Спортты басқаруға, спортшылардың дайындығына жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Біз жаңа Олимпиадалық циклді қазірден бастадық. Алда Лос-Анджелес Олимпиадасы күтіп тұр. Маңызды додаға қазірден дайындалу керек. Министрлік, федерациялар, бапкерлер, әкімдіктер, Ұлттық Олимпиада комитеті Париждегі жағдайдан сабақ шығарып, сапалы жұмыс жүргізуі қажет. Бұл – бәрімізге ортақ міндет», - деп қорытындылады алқа отырысын.

Дереккөз: kazinform

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде