Қазақстандықтар мемлекеттік қызметті үйден шықпай ала алады
Енді қазақстандықтарға мемлекеттік қызметті алу үшін ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ.
Фото: gov4c.kz
11:50 29.08.2024
Азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерін үйге шақыруға мүмкіндік беретін жаңа сервисті пайдалана алады. Белгіленген уақытта маман көрсетілген мекенжай бойынша келіп, мемлекеттік қызметті көрсете алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ БҚО филиалынан мәлім еткеніндей, ХҚКО-дан тыс жерде менеджерлер төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін алу және көлік құралдарын тіркеу жөніндегі қызметтерді қоспағанда, мемлекеттік қызмет түрінің кез келгенін көрсете алатынын ескеру қажет.
Пилоттық жоба Қазақстанның барлық өңірлерінде іске қосылды. Сервисті пайдалану үшін мемлекеттік корпорацияның ресми сайтында «жеке менеджерді үйге шақыру» батырмасын басып, қажетті мәліметтерді толтыру қажет. Сондай-ақ, өтінімдерді 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да беруге болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары мәліметтерді нақтылау мақсатында және менеджердің келу уақытын белгілеу үшін қызмет алушымен байланысатын болады.
«Мемлекеттік корпорация тұрақты түрде сервистерді жетілдіру үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Бұған дейін біз жеке менеджерлер арқылы ХҚКО-да басым кезек арқылы қызмет алу мүмкіндігін іске асырған болатынбыз. Енді халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарын үйге шақыртып, қызметті үйден шықпай алуға болады. Бұл уақыт үнемдегісі келетін азаматтар үшін өте ыңғайлы», - деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» МК басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!