{metadescription}
Елімізде архив саласы түгелдей цифрландырылады

Елімізде архив саласы түгелдей цифрландырылады

Бүгін Түркістанға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әлиқұлов жұмыс сапарымен келді.

Өңір тұрғындарымен кездескен вице-министр салада атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Ербол Әлиқұлов алдағы уақытта «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның ішінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жұмыс басталады.

«Қазақфильм қатардағы киностудия емес, бұл біздің тарихымыз, біздің рухымыз, ұлттық киномыздың келешекке деген үкілі үміті. Сондықтан да оны сақтап қана қоймай, қарыштап дамуын қамтамасыз ететін боламыз.

Сонымен қатар, архив саласын да түгелдей цифрландыру жұмысы жүргізілетін болады. Музей-қорықтардың маршрутын ұлттық мәдени-рухани мазмұнмен күшейту көзделуде. Креативті индустрияны қолдау шаралары пакеті де әзірленіп жатыр. Отандық әдебиетті қолдау және ұлттық мәдениетті шетелде насихаттау мәселесі де назардан тыс қалмайды», - деді Ербол Шымкентбайұлы.

Мемлекет басшысының жарлығымен отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру, оның құндылығын толықтыру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Ақпараттық доктрина бекітілген.

«Масс-медиа» туралы заң аясында журналистердің мәртебесі артып, мемлекеттік ақпараттық саясат жетіле түспек. «Онлайн-платформа және онлайн-жарнама» туралы заңының талаптарына сәйкес, жалған ақпаратты таратуға қатысты жауапкершілік көзделген.

- «Мәдениет туралы» заңға кезең-кезеңімен өзгерістер мен толықтырулар енгізу – бұл уақыт талабы. Сонымен бірге, қоғам көтеріп жүрген басқа да өзекті дүниелер бар. Оның ішінде – мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік статусынан бастап, сахнада фонограмманы пайдалану, авторлық құқық және тағы басқа мәселелер күн тәртібінде тұр. Мәдениет ешқашан саясаттың құралы, ешқандай саяси лозунгтар мен ұрандардың жетегінде болмауы тиіс. Ал бұл мәселені біз тек бір реттік шешімдермен емес, барлығына түсінікті заң шеңберінде реттеуіміз керек», – деді вице-министр.

Кездесуде түркістандықтар түйткілді мәселелерді ортаға салды. Залдағы азаматтар көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кездесуден соң Ербол Әлиқұлов азаматтарды жеке мәселелер бойынша жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, сауалдарға жауап берді.

Вице-министр көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, әрі қарай жұмыс жалғасатынын жеткізді.

Дереккөз: kazinform

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде