Үкімет құны 30 млрд доллар болатын 73 инвестициялық жобаны қолға алды
Елімізде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы жүзеге асырылады.
Фото: ҚР Үкіметі
11:10 03.09.2024
Толығырақ ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтып берді.
«Инвест штабтың жұмысы ерекше бақылауда. Жалпы сомасы шамамен 30 млрд доллар болатын 73 инвестициялық жобалар қаралды. Жобалар санын көбейту және оларды сүйемелдеу үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді үйлестіру бойынша тиісті жұмыс күшейтіледі. Ол үшін «инвестицияға тапсырыс» механизмі әзірленді, онда әкімдіктер өңірлердің ерекшелігі мен артықшылықтарын ескере отырып бастама жасайды», - деді Роман Скляр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жүргізіледі.
«Бүгінде платформада 746 жоба тіркелді, инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 68 млрд АҚШ долларын құрайды», - дейді ол.
Одан әрі вице-премьер отандық автокөлік саласын дамытуға қатысты жоспармен бөлісті.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың нақты секторын дамыту бойынша өзекті мәселелердің аясын айқындап берді. Өнеркәсіп саласын одан әрі қалыптастыру үшін металлургия, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы, машина жасау, химия салаларындағы 17 серпінді жобаның тізбесі бекітілді. Инвестициялық штаб шеңберінде мониторингі жүзеге асырылатын әрбір жобаны іске асыру бойынша егжей-тегжейлі жоспарлар бекітілді», - дейді ол.
Оның айтуынша, автомобиль жасау қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 30 пайызға артқан.
«160 мың бірлікті құрайтын екі ірі жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ 2025 жылдың соңына дейін автокөлік компоненттерін өндіру бойынша 10 жобаны іске асыру жоспарлануда», - дейді Р. Скляр.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!