2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы: кешенді жоспар әзірленеді
Биыл 15 қарашаға дейін Үкімет Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың кешенді жоспарын әзірлейді.
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform
14:03 03.09.2024
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен келесі жыл жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Аталған тапсырманы орындау үшін Оқу ағарту министрлігі биыл 15 қарашаға дейін Үкіметке Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың кешенді жоспарын әзірлеп, енгізеді. Біріншіден, осы жылдың соңына дейін өңірлер сұранысына ие кадрларды дайындау мақсатында колледждерді кәсібилендіру процесі аяқталады. Екіншіден, бұл салада да колледждердегі білім сапасын бағалауды жүргізіп, оларды лигаларға жіктейтін боламыз. Жоғары және орташа лигаларға енгізілген колледждер 100 технологиялық көшбасшы тізімін құрайды», - деді Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, көшбасшы колледждер елімізде ашылған шетелдік жоғары оқу орындарымен жұмыс істейтін болады.
«Үшіншіден, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі өзгертіледі. Ол қолданыстағы базалық бөлік пен жаңа ынталандырушы төлемнен құралуы керек. Ынталандырушы төлемдер халықаралық салалық стандарттарды енгізген, түлектердің басым бөлігі сертификатталған және орташа есеппен жоғары мөлшерде еңбекақы алатын колледждерге ұсынылады. Аталған өзгерістер салалық мемлекеттік органдарға түлектерді жұмысқа қабылдау мәселесін пысықтаумен қатар жүргізіледі», - дейді ол.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!