{metadescription}
Активтерді қайтару, банктер мәселесі: депутаттар қарайтын жаңа заңдар белгілі болды

Активтерді қайтару, банктер мәселесі: депутаттар қарайтын жаңа заңдар белгілі болды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңа сессияда Парламент депутаттары қарайтын маңызды заң жобалары туралы мәлім етті.

«Президент Жолдауда депутаттық корпустың белсенді жұмысын ерекше атап өтті. Бірқатар тапсырма тікелей депутаттарға арналды. Бұл Президенттің көптеген мәселелерде депутаттық корпусқа арқа сүйеп, сенім артатынын көрсетеді. Сонымен бірге, бұл Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының дұрыстығын әрі пәрменділігін дәлелдейді. Жолдауда айтылған көптеген мәселелер заңнамалық тұрғыдан қолдауды талап ететінін көріп отырмыз. Мәселен, қолданыстағы Банктер туралы заң 1995 жылы қабылданған. Бүгінгі күннің талаптарына толық сай келмейді. Сондықтан біз Банктер туралы жаңа заң қабылдауымыз керек. Сонымен қатар, алдымызда еліміздің салық жүйесін қайта електен өткізу міндеті тұр. Президент Салық кодексін қабылдау мерзімін келер жылға ұзартты. Бұл шешім асығыстық танытпай, кодексті мұқият қарауға мүмкіндік берді», - деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Бұл тұрғыда ол кодексті сарапшылармен, мамандармен, кәсіпкерлермен бірге тағы да жан-жақты пысықтау керек екенін айтты. Салық кодексі экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың барлығына түсінікті болуы керек.

«Осы кодекс бойынша алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оған барлық депутат, барлық фракция атсалысуы қажет. Бұдан басқа, біз Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығы аясында жұмысты жалғастыратын боламыз. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды қабылдау кезінде біз бұл мәселені талқыладық. Енді осы тақырыпқа қайта оралатын кез келді. Мемлекеттік кәсіпорындарды басқарудың оңтайлы саясатын заңнамалық деңгейде бекіту қажет болады. Осы сессияда біз активтерді қайтару бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған жұмысты жалғастырамыз. Қайтарылған қаражат та, активтер де Қазақстан халқының игілігіне жұмыс істеуі қажет. Ол үшін ел экономикасына қаражат салу – капиталға амнистия жасаудың міндетті шарты болуға тиіс. Бұл – Президенттің берік ұстанымы, біз оны нормативті түрде бекітуіміз керек. Жолдаудың басым бөлігі қоғамның нақты қажеттілігі мен сұраныстарына негізделгенін атап өткен жөн», - деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар ол депутаттар жаз айларында өңірлерде халықпен кездескенін еске салды.

«Президент айтқан мәселелер жұршылықты толғандырып жүргенін білеміз. Соның ішінде соңғы жылдары жол апаттарының артуы, соның салдарынан адамдардың опат болуы, әскер қатарында жарғыға сай келмейтін заңсыздықтардың жиілеп кетуі халықты алаңдатып отыр. Заңнаманы қатаңдатқанымызға қарамастан, халық арасында есірткі тұтыну әлі де қиын мәселе болып қалуда. Сан түрлі өршіген алаяқтық әрекеттермен халық күн сайын дерлік ұшырасып жатыр. Осы мәселелерді шешуге депутаттық корпус – біз атсалысуымыз керек. Енді мемлекеттік органдармен бірлесіп, ең алдымен заң мен құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған жұмысты жалғастыруға тиіспіз. Президент өз Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – өте маңызды қадам. Өйткені, елімізде инженерлер, құрылысшылар, биологтар, ветеринарлар, су саласы мамандары тапшы. Қазір бізге зауыт, жол, үй салатын кадрлар көбірек қажет. Сондықтан біз оларды заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселесін де қарастыруымыз керек. Алдағы уақытта осы тақырыпқа арнап Үкімет сағатын өткізген жөн деп санаймын. Сонымен қатар, жұмыскерлердің осындай санатын жеке мемлекеттік наградамен марапаттау елеулі ынталандыру болмақ. Біз – депутаттар Президенттің бұл идеясын өз тарапымыздан заңнамалық деңгейде қолдайтын боламыз», - деді Ерлан Қошанов.

Мұнымен қоса ол цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жұмысы да одан әрі жалғасатынын айтты. Осы орайда Мәжілісте жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі заң жобасы әзірленіп те қойды. Жақын арада жобаны талқылау басталады. Сонымен бірге, биылғы күзде депутаттар киберқауіпсіздік мәселелері бойынша заң жобасын және Цифрлық кодексін қарайды.

«Бүгінгі күні ең көп талқыланып жатқан мәселе – Атом электр стансасын салу мәселесі. Атом электр стансасын салу туралы шешім – серпінді жоба екені сөзсіз. Бұған оң халықаралық тәжірибе айқын дәлел бола алады. Бірақ аталған мәселені түпкілікті шешу үшін бүкіл қоғамның бірігуі қажет. 6 қазанда өтетін референдумда халық өз шешімін қабылдайды», - деді Мәжіліс төрағасы.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

14 қыркүйек

13 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде