Қарағандылық оқушы сабаққа бармау үшін бомба туралы жалған хабарлама таратқан
Қарағанды облысында құқық қорғау органдары Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейде жарылғыш құрылғылар орнатылғаны туралы екі рет жалған ақпарат берген кәмелетке толмаған оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Фото: polisia.kz
16:10 04.09.2024
Бұл оқиғалар 2 және 3 қыркүйекте болған.
"Өзін қала мектептерінің бірінің оқушысы ретінде таныстырған белгісіз адам төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне хабарласып, оқу орнындағы "жарылғыш зат" туралы айтқан. Тексеру барысында ақпарат расталмады. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Қарағанды облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мектеп-лицейдің кәмелетке толмаған оқушысының "жалған терроризмге" қатысы бар екенін анықтады", - делінген хабарламада.
Ұсталған баланың айтуынша, ол сабаққа қатысқысы келмей, осындай қадамға барған. Оның ата-анасы тәрбиелеу бойынша міндеттемелерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
"Аталған жағдай мұндай "әзілдің" орынсыз екендігін және жасөспірімдердің әрекетін бақылау қажеттігін көрсетеді", - делінген хабарламада.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!