Президент Халықаралық еңбек ұйымының басшысы Жильбер Унгбомен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Жильбер Унгбоға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Халықаралық еңбек ұйымының арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан аса маңызды екенін айтты.
Фото: Ақорда
16:11 05.09.2024
Президент Халықаралық еңбек ұйымының әлеуметтік әділдік қағидаттарын жаһандық ауқымда дамытудағы рөліне тоқталды.
– Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл тұжырымдама Сіздердің әлеуметтік әділдік бастамаларыңызбен үндес. Халықаралық еңбек ұйымының сенімді әрі әділ, тиімді әлеуметтік келісімді қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбеккерлердің құқығын ілгерілету ісіндегі миссиясы ешқандай талас тудырмайды. Қазақстан Ұйымның 25 негізгі конвенциясын ратификациялады. Бұл жұмыс жалғаса береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыру, заң үстемдігі мен адам құқығын қорғау бағытында Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берді.
Жильбер Унгбо Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Әділетті Қазақстанды құру жолында жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады.
Бұдан бөлек, Президентке Үкімет мүшелерімен нәтижелі кездесулер өткенін және Халықаралық еңбек ұйымының мақсат-міндеттерін ілгерілету мәселесінде Қазақстанның аймақта көшбасшы екенін атап өтті.
– Сіздің еліңіз әлеуметтік, еңбек жағдайын жақсартуға айтарлықтай күш салып отыр. Бұл біздің Ұйымның Әлеуметтік әділдік үшін жаһандық коалициясы аясындағы бастамаларына сай келеді, – деді Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жильбер Унгбо Қазақстанның әлеуметтік саясатын нығайтуға бағытталған шараларды ынтымақтаса отырып жүзеге асыруға және Халықаралық еңбек ұйымымен өзара тиімді серіктестікті дамытуға келісті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!